Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Барлыбек Сыртанов Һәм Елдің Ата Заңы


13 декабря 2017, 10:32 | 1 046 просмотров



Жуырда Талдықорған Заң колледжі  студенттерінің қатысуымен «Еркін елде өскен ұрпақтың рухы әрдайым биік болуы тиіс» атты  конференцияның негізіне Барлыбек Сыртановтың өмірі мен қызметі  таңдалынып алыныпты. Заң пәндері кафедрасының меңгерушісі Л. Бердіқожа, «Аналар алқасы» Талдықорған қоғамдық бірлестігінің төрайымы Қ. Қаюпова және пән  мұғалімдері, білімгерлер қатысқан шара  Елбасының «Рухани жаңғыру»  бағдарламалық мақаласы аясында «Туған жер» бағытында өтті. Жастар Барлыбек Сыртанов туралы ізденгендерін байқатты. Оның ағартушылық, қоғам қайраткері  ретінде атқарған орасан зор  істерін ортаға салды.

 Барлыбек Сыртанов ақ патша дәуірінде өмірге келіп,Петерборда білім алған санаулы қазақ зиялыларының бірі. Кезінде Алаш Орда үкіметінің төрағасы Әлиханмен дәмдес болып, сол кісінің тапсыруымен алғашқы конституцияның үлгісін жазып шыққан. Бірақ ол қолданысқа енгізілмеді. Барлыбек Сыртанов туралы алғаш рет тәуелсіздік алған соң, 1998 жылдары ғана жазылып, айтыла бастады.  Оның үстіне биыл – Алаш қозғалысының  ғасырлық тойы.

1886 жылы Жетісу облысы Қапал уезді Арасан болысында дүниеге келген Барлыбек Сыртанов ілім-білімге бала жастан бет бұрды.  Қапалдағы пансионнан білім алған соң, ол 10 жасында Верный қаласындағы ер балалар гимназиясына оқуға түседі. 1886 жылы аталмыш білім ордасын үздік бітіріп шығады. Гимназия  басшысы Д.Новак Жетісу облысының  әскери губернаторының атына хат жазып, Б. Сыртановты Санкт-Петербург университетіне оқуға жіберу үшін қаражат бөлуді  сұрайды.Осылайша ол  университеттің шығыстану  факультетіне оқуға түседі. Онымен бірге Б.Қаратаев, Ж.Сейдалин, М. Сердалин,А, Теміров қатар білім алады.

1890 жылы Барлыбек Сыртанов факультетті ойдағыдай аяқтап, араб-парсы, түрік- татар тілдерін жетік меңгереді. Оқуын аяқтаған соң Ташкент қаласында Түркістан генерал-губернаторының қазыналық палатасында   3 жылдай қызмет жасады. Ал 1894 жылы  Жетісу әскери губернаторының бұйрығымен облыстық басқарманың іс жүргізу бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. Ол шенділерден зәбір көргендерге көмектесуді өзінің  азаматтық борышы санайды. Елдің сауатын ашуға күш салады. Оның  анық бір дәлелі- Қазан қаласынан араб әріптерімен баспахана құралдарын алдыртып, «Семиреченские областные ведомсти» газеті ішінен «Туземный отдел» деген бөлім аштырады. Онда жарияланған  мақалаларда бас бостандығынан, тұрғылықты жерінен айырыла бастаған жергілікті ұлттың ауыр халі айтылып, ашық, ашына жазылды.

Университет қабырғасынан білім нәрімен қаныға сусындап, сайын даласында азаттық пен өркениет жаршысы болуды көксейді. Бұл мұраттардың бәрін университетте әр ұлттың жастары арасында өзінің бағдарламасы бар, саяси бағыт көздеген «Жерлестер» («Землячества») үйірмесі немесе «Жерлестер одағы» («Союз землячества») деп аталатын  астыртын ұйымдардың ішінде жүріп шыңдаған еді. Барлыбек Сыртанов Ресей патшалығының билік жүйесінде қызмет еткенімен орыс чиновниктерінен және қазақ бай-манаптарынан жәбір көрген қарашаның мүддесін қызғыштай қорғайды. Заңның мүмкіндігін, қала берді өзінің беделін салып жүріп талай қазақ-қырғыздың кеткен ақысын қайтарып береді. Бұл жөнінде М.Тынышбаев: «Теңдікке қолы жетпегендер Барлыбек, Тұрлыбекке жылап келіп, теңдік алып, мауқын басушы еді. Бұлай болған соң бүтін бір облыс орыс-қазақ-қырғыз Барлыбек, Тұрлыбектің сөзінен еш уақытта шыққан емес» («Қазақ» газеті, 1915, №95), – деп жазған еді. Ол- 1903-1907 жылдары Ресей мен Қытай шекарасының межесін белгілеу ісіне белсене араласты. Жұмыс нәтижесін картаға түсіруге көп  еңбек сіңірді.

Талдықорған мен Алматы облысының Қытаймен шектес шекарасы ғалымның белгілеуімен сызылған, ол осы күнге дейін өзгеріске көп ұшырай қоймаған. Қазақ зиялылары бас қосқан 1905 жылғы Қарқаралыдағы Қоянды жәрмеңкесінде Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Жақып Ақбаевтармен бірге Барлыбек Сыртанов та Қазақ ұлтының жерге қатысты және өзгеде құқықтарын талап етіп Патшаға петиция жазады.  1910 жылы Ұзынағашта Жетісу өңірінің белсенділерінің басын қосып, кеңесте: «Жақсы жердің бәрі қара шекпенділердің меншігіне өтті. Жұртынан айырылған байқұс қазақ тақыр жерге қуылды. Ауыз ашпай жатуға енді болмас. Ояну қажет, кір жуып, кіндік кескен, аталарымыздан қалған жерімізді сақтап қалу басты міндетіміз. Қара шекпенділердің келуін тоқтату үшін бүтін қазақ болып бас қосу қажет»,- деп халқына үндеу тастайды. Жетісудағы қазақ-қырғыздың жер және өзгеде зар-мұңын талап етіп 1911 жылы Санк-Петербургке барып, ұлықтарға шағым түсіреді (Прошение Б.Сыртанова. Барлыбек Сыртанов архиві. 1 том, 1-ші, 4-ші беттер). Сол жылы Санк-Петербургте қыстаған Барлыбек осындағы бай кітапхананың мүмкіндігін пайдалана отырып, Әлихан Бөкейхановтың өтініш айтуымен С.Б.Алашинский деген бүркеншік атпен Қазақ елінің алғашқы Конституциясын («Қазақ елі Уставы») жазып шығады. Патша өкіметінің орыс шаруаларын Жетісудың шұрайлы жерлеріне қоныс аудартуын, ал жергілікті халықтың  мал бағуға, егін егуге жарамды жерлерін тартып алуына наразылық танытты. Бұл  құпия түрде қазақ өлкесін Ресейдің отарынан шығаруды көздеген Жарғы еді. Ол бірнеше тармақтан тұрды. Негізгі идеясы- Қазақстанның саяси тәуелсіздікке қол жеткізуі, дербес ел ретінде  танылуы. Жерлес ғалымның бұл идеясы кейіннен «Алаш» партиясының бағдарламасына енді. Құжат «Қазақ елінің УСТАВЫ» деп аталды. Ғалымдар оны еліміздің тұңғыш конституциясы деп жоғары  бағалағандығы тарихтан белгілі.

Қазақ елінің Уставы

І. Қазақ елі республикасының жеке болуы турасында

Қазақ елі халық билейтін һәм қазақи ерекшеліктері бар ел.Қазақ елінің жеке туы бар. Туы жасыл, қызыл һәм сары көлденең жолақтардан жасалады. Басындағы бұрышта ай һәм жұлдыздың суреті бар. Жасыл түс – елдің исламға берілгендігінің белгісі, қызыл – ел қорғауда төгілген қан, сары қазақтың кең даласы, еркіндіктің белгісі.

Қазақ елінде ең басшы орыны – Ұлт мәжілісі. Оған дауыспен өткендер Қазақ елінің басшысы Президентті төрт жылға сайлайды. Бір Президент екі реттен асып ел билеуге хұқы жоқ.

Президент Қазақ елін министрлер арқылы басқарады. Министрлерді Президент өзі таңдайды, бірақ Ұлт мәжілісі дауыспен шешеді.

Министрлер өздері басқарған жұмыстарымен Президенттің һәм Ұлт мәжілісінің алдында есеп беріп тұрады.

Қазақ елінде билік жүргізу закон шығаратын (парламент), орындайтын (үкімет) һәм сот болып тұрады.Үш билік бір-біріне бағынбайды, бассыздыққа жол бермеудің белгісі болуы тиіс деп атап көрсетті.

Сондай-ақ, « Адам баласының хұқы» турасында:

Қазақ елінде адам баласының бәрі тең хұқылы. Дініне, қанына, тегіне, нәсіліне қарап адамды қорлауға жол жоқ. Адам тек закон һәм құдай алдында жауап береді.

Қазақ елінде ер адам мен әйел теңді. Қазақи ерекшеліктер әйелдерді қорламайды, әйел келісімімен іске асады.

Қазақ елінде адам баласының еркін сөйлеуге, ұйым құруына һәм партияларға кіруіне тыйым жоқ.

Соттың рұқсатынсыз адам баласы ұсталмайды, абақтыға қамалмайды. Ұсталғандарға сот 24 сағатта хүкім беруі шарт, болмаса қамаудан босатылады. Законды бұзумен қамаған сот алдында сазайын тартады-деп бірнеше бапты ұсынады. Сот турасында да маңызды мәселелерге көңіл аударған.

Сот хүкімі законға һәм сот ережелеріне жүгінеді. Қазақ еліндегі бар судьялар Ұлт мәжілісінде өмір бойы сайланады. Ал заңды бұзған һәм орындамаған судьялар орындарынан алынады.

Судьялар қазақ тілін білуі шарт. Басқа нәсілдердің сотта өз тілдерінде сөйлеуге хұқы бар.

Присяжный соты ауыр қылмысты шешуге құқылы. Присяжный саны-7 адам — деп  бірнеше бапты қамтыған.

Жарғының  басты ерекшелігі-Европаша білім алған, батыс тәрбиесінен тәлім алған азаматтың қолынан шыққандығына қарамастан, өн бойынан елге, жерге деген сүйіспеншіліктің лебі еседі. Мұны салқам сахараның мұңын мұңдап, жоғын жоқтап тұрғандығынан  байқайтындығыңыз сөзсіз.

Барлыбек  Сыртанов көзі ашық, көкірегі ояу азамат ретінде елдегі әлеуметтік шиеленісті көре білді. Орыс  империясының «бөліп ал да, билей бер» саясатын енгізіп, шала сауатты елді бірі-біріне айдап салып,  таққа таластыру арқылы халықты әлсірету пиғылын дер кезінде түсіне білді.

Қысқа ғана ғұмырында халық үшін орасан зор істерді атқарған қоғам қайраткерінің еңбекқорлығына қайран қаласың.  1914 жылы 26 қазанда ол ауыр науқастан қайтыс болды.

Барлыбек Сыртанов- халқымыздың бостандығы мен ұлттық тәуелсіздігі, оның жарқын болашағы үшін аянбай күрескен, тер төккен асқан білімпаз, елді аузына қаратқан. Қазан төңкерісіне дейінгі мерзімде Қазақ елінде отаршылдыққа қарсы батыл үн қосқан ірі қоғам қайраткері. Сол кезде төрт құбыласы тең, бір басына жетіп артылатын  қызметі бола тұра бүкіл саналы ғұмырын халық игілігіне, ұлт тәуелсізідігіне жұмсап, тікелей себін тигізгені ақиқат.

Барлыбектің студенттік досы, қоғам қайраткері Бақытжан Қаратаев: «Меніңше, жалғыз сен ғана халықтың сеніміне ие болдың, жалғыз сен ғана «халық үшін еңбек еттім» деп айтуыңа хақың бар» (Е.Федоров. Очерки национального-освободительного движение в Средней Азии. Ташкент, 1925, с 25), – деп,оның ел үшін ұшан-теңіз еңбек сіңіргенін көзі тірісінде-ақ мойындаған еді.


Комментарии


Комментариев нет.

Контент устарел, комментирование закрыто