Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ОФТАЛЬМОЛОГИЯ: САЛАСЫ. САПАСЫ.


Қайрат Имашев Тілектесұлы

Қайрат Имашев Тілектесұлы


Должность

бөлім меңгерушісі.

Место работы

Талдықорған қаласының көпсалалы аурухансы

31 марта 2017, 09:14 | 394 просмотров


Қазақстан медицинасы жаңа заман ағымында өзіндік жетістіктерімен еркін мақтана алады. Шетелдіктерден кем емес құрал-жабдықтар мен жоғарғы білім бар кәсіби мамандар барда ұлт саулығы шет қалмақ емес. Жыл сайын мемлекеттік бағдарламаға сәйкес түрлі емдеу клиникалары, ауруханалар мен сауықтыру орталықтары салынуда. Емделушілердің ем алуы қолайлы болу мақсатында жобалар іске асырылып, порталдық жүйе де кіргізілді. Компьютерлік томография, лазерлік ота секілді жаңа терминдер де осы күнгі қоғамның үйреншікті сөзіне айналып кеткен. Елбасы Н.Назарбаевтың жолдауына сәйкес еліміз өркендеп, халықтың әл-ауқатын көтеру мақсатында бірнеше ауруханалар салынған-ды. Соның бірі Талдықорғаннан орын тепкен қалалық көпсалалы аурухана.

2016 жылдың тамыз айында ашылуы болған емдеу орнында бүгінде ондаған бөлім жұмыс жасайды. Әр бөлімнің өз алдына қойған міндеті мен мақсаты, емдеу тәсілі мен қызметтік жоспары ұйымдастырылған. Аурухана қабырғасындағы бөлімнің әрқайсысы адамның денсаулығына басты назар аудара отырып, қандай да бір ағзасына не дене мүшесіне көңіл қояды. Мысалы, офтальмология бөлімі. Адамның ең бір маңызды мүшесі болып табылатын көздің саулығы мен асқынғаннан кейінгі жағдайын бір қалыпқа келтіріп, науқастарға күтім көрсететін бөлімнің қандай ерекшелігі не артықшылығы бар, қандай жоспарды алға қойып отыр – бұл сұрақтарға бөлім меңгерушісі Қайрат Имашев жауап берген болатын.

  • Қайрат Тілектесұлы, көпсалалық аурухананың ашылғанына аса көп уақыт бола қоймады. Десе де, осы уақыт аралығында бөлім несімен мақтана алады?
  • Біздің бөлім барлық жаңа заманауи аппаратуралармен жабдықталған. Басты артықшылығы – осы. Сонымен бірге облысымызда бұрын-соңды катарактының факаэмульсификациясы деген ота жасалып көрмеген. Біз соны алғаш іске асырып отырмыз. Бұл дегеніміз әлемдік деңгейде заманға сай катарактаға операция жасау дегенді білдіреді. Одан бөлек эксимерлік лазер деген құрал келді. Әрине, ол әлі іске қосыла қоймады. Дегенмен жақын уақытта, шамамен 2-3 айдың ішінде бұл тәсілмен де ота жасап, науқастарды емдейтін боламыз. Өйткені аппаратты қолдану оңай іс емес. Оны толығымен зерттеп, оқып болған соң ғана тұрақты түрде іске жаратамыз деп отырмыз.
  • Дәстүрлі медицинамен салыстырғанда жаңа техникалық құралдар озық келеді. Ал ем алушы науқастардың заманауи тәсілдерге көзқарасы қандай?
  • Басында айтып өткенімдей, бізде факаэмульсификация қолданылады. Бұл дегеніміз денеде тігістің орнын қалдырмастан ота жасау мүмкіндігі. Дәстүрлі медицинаны алар болсақ, бұрындары көзге жасалатын операцияның бәрін біз қолмен атқаратынбыз және оның арты тігістің қалуы мен отадан кейінгі қалпына келу уақытының тым көпке созылуына алып келетін. Ал қазір мұның бәрі тез әрі жеңіл жасалады. Сондықтан науқастар бұған ешқандай кері пікір білдірген емес. Керісінше, жаңа құрал-жабдықтың пайда болуы олардың тез сауығуына көмектесетініне дән риза. Өзге ауруханаларда әлі де дәстүрлі ота технологиясы қалған-ды. Сол себепті біздің аурухананың ерекшелігін естіп, біліп келіп жататындар да аз емес.
  • Кез-келген отадан кейін қайта қалпына келу мерзімі болады. Ұзақ уақытқа дейін кітап оқу, теледидар қарау секілді процестерге қарсы көрсетілім айтылады. Ал факаэмульсификациның бұл тарапта ерекшелігі неде?
  • Қазіргі таңда мұның бәріне рұқсат етіледі. Әрине, тек нормативті уақыттан тыс болмауы қажет. Көзге тым қатты қысым түскенде жағдай ушыға түседі. Ал егер дәрігердің айтқанын орындап, уақытылы дәрі ішіп, оқу мен көру уақытын көпке созбаса, оның еш қарама-қайшылығы жоқ. Операция жасалғаннан кейін 1-2 ай шамасында ем алады. Десе де, науқасқа ешқандай «жоқ» айтыла қоймайды. Бастысы мұқияттылық танытып, үйкелеп не ұрып алу қаупінен сақтану қажет. Өзге ешқандай кері әсері жоқ.
  • Ауруханаларыңызда науқастардың арасында ең жиі қаралатын қандай сырқаттар? Қант диабетінің ушығуынан туындайтын көз ауруы сізге қарасты ма?
  • Басты екі ауру – катаракта мен глаукома. Біздің бөлімде көп емделушілер осы екі сырқат бойынша ем алып, ота жасатады. Ал қант диабетімен ауыратын адамдардағы көзінің ушығуынан болатын қиындықтар біздің бөлімге жатқызылмайды. Ондай науқастар эндокринологқа жолығып, керекті емін алады. Себебі, сусамырмен ауырғанда көздің тор қабығына зиян келеді де, жасушалар өледі. Ал өлген жасушалар қайта орнына келмейді. Сондықтан оның еш емі жоқ. Тек біраз уақытқа аурудың одан әрі белең алмауын ұстап тұруға ғана болады. Оған арнайы көз тамшылары қолданылады. Сонымен бірге қант деңгейін қалыпта ұстап, миға қан кету қаупінен сақтану керек. Ал офтальмология бөлімі лазерлік тәсілмен болмаса, басқаша көмек көрсете алмайды, өкінішке орай.
  • Бүгінде бөлімде неше науқасқа арналған орын бар?
  • Жалпы бізде қазір барлығы 16 орын бар және оның түгелі де науқастарға берілген. Бәріне белгілі, осы күнде компьютер арқылы порталға тіркеліп, кезегі жеткенде ауруханаға жатқызылады. Кезек аса үлкен емес, бірақ аз деп те айта алмаймын. Себебі орын босай салысымен, бірден келесі науқас келіп емделеді. Бұл жұмыстың тезірек әрі сапалы жүруіне және науқастарды көп күттірмей, емдей алу мүмкіндігіне жол берді. Адамдар бұрынғыдай айлап кезегін күтіп отырмайды. Ең көп дегенде 14 күн ішінде кезегі келіп, қажетті емдеуін алады.
  • Порталға тіркелу тегін жолмен іске асырылады. Ақылы бөлім жағы қалай ?
  • Әрине, ақылы бөлім бізде жұмыс жасайды. Тіркеуге тұрып,кезек күтпеймін немесе арнайы анализдерді тапсырмай, бәрін осы жерден ала береміз дейтін науқастар болса, олар ауруханада ақылы бөлімде ем алады. Барлығына бірдей ем-дом көрсетіледі. Олардың саны аса көп емес. Бар-жоғы 2-3 ғана адам. Қалған науқастар бізде тегін ем алуда.
  • Жедел жәрдеммен шұғыл көмекке зәру науқастар қаншалықты жиі келеді және оларды қабылдау қалай іске асырылып жатыр?
  • Өңір бойынша жедел жәрдем көлігі түрлі науқастарды біздің бөлімге алып келеді. Біз оны жан-жақты қарап, керекті көмек көрсетеміз. Алайда науқасты бірден ауруханаға жатқызбаймыз. Алдымен консультация өткізіп, дәрі-дәрмектер мен көз тамшыларын жазып береміз. Ары қарай өздері емделіп, қалалық емханаларға барып қаралуына болады.
  • Ал қазіргі таңдағы офтальмология бөлімінің кадрлық мәселесі қандай деңгейде?
  • Бүгінгі таңда бұл бөлімде дәрігер ретінде мен жалғыз өзім ғана жұмыс істеп келемін. Медбикелер мен санитарлар саны бізде жетерлік. Ал мамандар тапшылығы медицинада жиі болып тұратын жайт. Ашылғанымызға жарты жылдан асса да, дәрігерлер қатары көбейер емес. Қарап тұрсақ, мұндай мәселе тек бізде ғана емес, өзге өңірлерде де кең тараған. Әсіресе, аудандық жерлерде мамандар саны тым аз. Сондықтан биылғы есеп беру кезінде біз жаңа, жас, білікті мамандарға сұраныс жасадық.
  • Жалпы осы маман тапшылығы мәселесі жайлы не ойлайсыз?
  • Жыл сайын мектеп бітіріп, оқуға түсіп жатқан жастар баршылық. Соның ішінде медицина саласына бет бұрғандар қаншама. Алайда дәл офтальмологияны оқып, осы салада дәрігер болсам ғой деп келетін мамандар өте аз. Оның бірден-бір себебі, менің ойымша, жастардың қалалық өмірге қызығушылығында. Қазір оларды жұмысқа тарту үшін көптеген жеңілдіктер жағын қарастыру керек. Баспанасын беріп, жоғары жалақысын төлеп қана қызықтырмасақ, басқалай олардың келгісі жоқ. Тек жүрегімен қалап, шын ниетімен келетін «патриоттар» болуы тиіс секілді. Өйткені жұмысы қиын, жалақысы да жоғары емес қызметтен олар қорқады. Ал бұл жағдайда біздің қолымыздан келер ештеңе жоқ. Дегенмен болашақта білімді де білікті жастарымыздың қатары көбейе түседі деп сенемін.
  • Жастарды тарту үшін қызықтыру керек деп қалдыңыз. Ал сізді бұл мамандық несімен қызықтырды?
  • Негізі мен хирург маманы болатынмын. Алғашында реаниматолог-анестезиолог, кейіннен хирург болып жұмыс жасап жүрдім. Облыстық ауруханада қызмет істейтін Мандат ағамыз маған «сен хирург емес, офтальмолог боласың»,-деді. Қанша теріске шығарғанмен, ақыры осы мамандыққа келіп жеттім. Басында біраз көрейін, ұнамаса өз жұмысыма ораламын деген едім. Десе де, өзіме ұнады, сондықтан осында қалуды шештім. Қазіргі таңда ағама деген алғысым шексіз. Ал үйреткен ұстаздарымның бірі Белошапкин Александр Иванович қызметтік жолымның басынан-ақ барлық қыр-сырын көрсетіп, маған тәлімгер бола білді. Бүгінде ол кісі зейнеттік жасқа жетіп, демалысқа шықты. Ал мен болсам ағаларымның жолын жалғастырып келемін.
  • Болашаққа қандай жоспарларыңыз бар?
  • Осы таңда жаңадан шығып жатқан заманауи аппараттарды оқып, меңгергім келеді. Одан бөлек соңғы жылдары кең танымал болып келе жатқан пластикалық операцияларды да үйрену ойымда бар. Қазір көптеген адамдар қабағына, көзіне коррекциялық ота жасатып, түзетіп немесе өзгерту мақсатында көршілес Қытай, Өзбекстан не Ресей елдеріне кетіп қалып жатыр. Ал мен бұл саланы отандық деңгейде Қазақстанда дамытқым келеді.
  • Сұхбатыңызға рахмет.

Қайрат Тілектесұлының әңгіме барысына назар аударар болсақ, аурухана бөлімі 1 жыл толар-толмас уақытында көптеген емделушілердің панасына айналып отыр. Түрлі жаңалықтардың енгізілуі мен бағдарламалардың құрылуы арқасында қалалық көпсалалы аурухананың жеткен жетістігі көңіл қуантарлық. Сапалы қызмет пен медбикелердің аялы алақаны, дәрігердің кәсіби шеберлігі мен науқастар бөлмесінің жайлылығы күн өткен сайын талай емделушілерді сырқатынан айықтырып, ұлт денсаулығын сақтауда өз бенсенділігін танытып отыр. Бір қынжылтатыны, мамандардың жетіспеушілігі ғана секілді. Дегенмен еліміз алға қойған мақсаты мен міндетін асыруда құрған жаңа саясатының арқасында осы офтальмология саласында да жарқ етер жас кәсібилер пайда болады деп сенеміз.

 

 


Комментарии


Комментариев нет.

Контент устарел, комментирование закрыто