Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Балаңыз сау өссін десеңіз...


Байдыбекова Толқын Өрісбайқызы

Байдыбекова Толқын Өрісбайқызы


Должность

директор орынбасары

Место работы

Облыстық стоматологиялық емхана

17 февраля 2017, 10:02 | 370 просмотров


  

Маржандай тізілген әдемі тіс адамның көркі ғана емес, денінің саулығының кепілі десек артық айтқанымыз емес. Көп аурудың түрі дәл осы тіс арқылы келетінін тіс дәрігерлері жиі айтса да, мән бере бермейтініміз өтірік емес. Анығында , тіс дәрігерін тіс ауырғанда ғана іздейтініміз де бесенеден белгілі.  Денсаулық - адамның ең баға жетпес асыл қасиеттерінің бірі. Оны күте білу - біздің борышымыз. Әсіресе біздің болашағымыз  бүлдіршіндеріміздің денсаулықтары аса маңызды. Сол себепті  Талдықорған қаласында жеке балаларға көмек көрсететін орталықтар жұмыс атқаруда. Сондықтан біз осындай мекеменің бірі облыстық стоматологиялық емханасы жайлы сөз етпекпіз. Сондай-ақ, балалар тіс ауруларының түрлері мен оның алдын алу жағдайлары, қисайған тістерден қалай құтылуға болатыны жайлы директордың орынбасары   Байдыбекова Толқын Өрісбайқызын әңгімеге тарттық

- Балаларда көп кездесетін тіс ауруының түрі қандай? Бұған басты себеп не?

-  Балаларда көп кездесетін тіс ауруының түрі- тіс кариесі деп аталады. Бұл азу тіс шыққаннан кейін байқалатын құбылыс. Кариес қалыпты тістерді де, сүт тістерін де зақымдайды. Тіс кариесінің пайда болуына негізінен  стрептококк бактериясы әсер етеді. Бактериялардың әр түрлі тәтті және жұмсақ тағамдарды көп жегеннен қышқыл ферменттер бөлініп шығуынан тістің қатты тіндері жұмсарып, бұзыла бастайды. Сонымен қатар, тамақтан кейін ауыз қуысын дұрыс тазаламаудан, жеке тіс гигиенасын сақтамаудан, ашты және қышқыл тағамдар қолданғаннан пайда болады. Алғашында тістің сыртқы бөлігінде ақ дақтың пайда болуынан басталады. Ауырған жерде тістің дентині шіріп, ойылады. Осы кезде емдемесе, одан әрі тіс ұлпасы зақымдалып, ойық тереңдей түседі, соның салдарынан  тіс ұлпасының қабынуы дамиды. Кариестің одан әрі асқынуы салдарынан тіс айналасындағы тіндердің және сүйек қабығының  қабынуы мүмкін. Асқынудың аса ауыр түрлері: жақ сүйегінің қабынуы, сонымен қатар жақты жауып тұратын жұмсақ тіндердің едәуір мөлшерде іріңдеуі байқалады.  Мұндай жағдайда тісті жұлып тастауға тура келеді. Сондықтан жылына міндетті түрде 2 рет стоматологқа қаралып тұрған жөн.

Және де, стоматит. Бұл дегеніміз- ауыз қуысының ойылуы немесе ауыздың шырышты-кілегей қабығының қабынуы деп айтуға болады. Клиникалық тұрғыда стоматиттің жедел және созылмалы түрі болады. Егер тілдің ойылуы болса оны глоссит деп атаса, гингивид қызыл иектің ойылуы. Онымен көбінесе 15-16 жастағы жасөспірімдер ауырады. Мұның пайда болу себептері әр қилы. Мысалы, дәріге аллергиялық, дәрумендердің жетіспеушулігі, қызылша, тұмау сынды жұқпалы ауруларға шалдықса, жүйке жүйелерінің, ішкі органдардың созылмалы аурулары, ағзада зат алмасу процесінің және ішкі секреция бездері қызметінің бұзылуы, т.б. болуы мүмкін. Сондай-ақ стоматит жыныстық жетілу кезінде немесе ақыл тіс кеш шыққанда болады. Мұның алдын алу жағдайларын жасауға болады. Ол үшін ауыз қуысын күнделікті қайнаған сумен бірнеше мәрте шайып тұру керек. Қайнатылған суға йод, ас содасы, тұз қосуға болады. Және де, сарымсақ бөліктерін алып, тіс иектерін, таңдай, тіл, еріндерді ысқылау да көмектеседі.

Түймедақ (ромашка), жалбыз (мята), сәлбен (шалфей) т.с.с. сияқты дәрі өсімдіктерді қайнатып, суыған соң, ауыз қуысын әр екі сағат сайын шаю ең жақсы құрал болып табылады.

- Қандай қызмет, көмек көрсетумен айналысасыздар?

-   Біздің  емхана мамандары стоматологиялық көмектің барлық түрін көрсетеді. Хирургиялық – бұл ауыз қуысына байланысты ең күрделі мәселелерді шешуге қабілетті. Мысалға, имплантация жасау, тістерді сақтайтын операция, қабынуды және ісінуді емдеу, ауыз қуысын протездеуге даярлау, тісті жұлу, ауыз қуысын алғашқы өңдеу, пародонта тініне операция жасау және т.б.

Терапиялық дегеніміз асқынбаған және асқынған тіс жегісін ауыртпай емдеу,арнайы хирургия көмекті қажет етпейтін ауруларды (тіс, тіс айналасындағы тіндердің және ауыздың шырышты қабығының) дәрі-дәрмекпен, физиотерапия әдістермен емдейді және аурудың алдын алу жолдарын қарастырады.

Ортопедиялық стоматология – тісті шегендейді, тіс, жақ, таңдай және бет кемістігіне протез жасау. Сонымен қатар, тіске рентген суретін жасау да біздің дәрігердің жұмысы.

  • Бала мен ересек адамдардың тіс дәрігерлерінің айырмашылығы қандай?
  • Айырмашылығы бар.Балаларды емдейтін дәрігерлер балаларды да, үлкендерді де емдей алады. Ересек адамдардың стоматологы балалардың тісін емдеуде қиналуы мүмкін. Себебі, тістерінде өте үлкен айырмашылық бар. Мысалы, бала тістерінің оның қай уақытта шығатыны, түбірінің өсуі, сүт тістерінің тамырының кішіреюі және тағы басқа жағдайлары жайлы ересектерді емдейтін  көптеген тіс дәрігерлер біле бермейді. Осы жағдай қиындық туғызады. Ересек адамдарда көбінесе кездесетін пародонт аурулары болғандықтан айырмашылық көп. Бала дәрігерлері мұндай ауруларды да қарай береді.
  • Қай жастан бастап баланың тісін емдейсіздер?
  • Негізі қазіргі таңда тіс ауруларымен келетін балалардың жасы өте кішкентай. Бұған басты себептердің бірі- әйел адамдар жүкті кездерінде өз денсаулықтарына бей жай қарайды. Жүктілік кезінде ағзада кальций жетіспеушілігі пайда болады, ал бұл баланың ағзасына да қатты әсер етеді. Кальций мөлшері аз болғандықтан, тістің дамып-жетілуінде қиындықтар болады. Мәселен, балалардың сүт тісі 6 жасында түсіп, ары қарай тұрақты тістер шығуы тиіс. Алайда, сүт тісінен қазір балғындар 2-3 жасында-ақ айрылып жатыр. 10 жастағы тісі ауырып келген балалардың тұрақты тістері шіріп кеткен. Тістеріне жиналған тастардың өзі ересек адамдардан жаман. Сондықтанда біз ауруына шипа іздеп келген кез-келген баланы қабылдаймыз. Кейбір кезде ата-ана салғырттығынан балалар тіс дәрігеріне келмейді. Бұл шаралармен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Алайда, балаға тістің қаншалықты маңызды рөл атқаратынын кішкентайынан түсіндірген абзал. Ал, бұл ата-ананың жауапкершілігінде.

- Көп балалар тіс дәрігерінен қорқады, мұны жеңу үшін сіздер балалармен қандай жұмыс жасайсыздар? Тіс дәрігеріне апаруға қанша уақыт баланы дайындау қажет? Емдеу барысында бала ауырсынуды сезіне ме?

  • Ия, мұндай жағдайлар көп кездеседі. Баламен жұмыс жасау өте қиын. Тіс дәрігеріне әкелетін жағдайда, алдымен тіс дәрігерімен танысып, баланың көзі үйренуі қажет. Сол кезде баламен жұмыс жасау дәрігерлер үшін де оңай болмақ. Балалармен әңгімелесу жүргізу біздің ең тиімді құралымыз. Және де, фаелерде, сондай-ақ жеке тіс емдеу бөлмелерінде мультфильмдер қосылған телевизорлар орнатылған. Ол жердегі басты мақсат-баланың көңілін аудару, тіс жұлғанда ауырмайтынына сендіріп, баланы психологиялық тұрғыда алдын-ала дайындау. Тіс дәрігеріне баланы әкелуге 1 аптадай дайындау керек. Себебі, баланы бірінші күні ертіп келіп емдеуге кіргізер болса, баланың көңілінде қорқыныш ұялап, екінші рет ертіп келу мүлде қиынға соғуы мүмкін.  Сондықтанда, емханаға экскурсияға алып, келіп көрсетсе дұрыс болады. Мұны бізге келген ата-аналардың барлығына түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз...

Жоқ, біз балалардың тісін, ауыз қуысын емдеген кезде ауыртпауға тырысамыз. Сол үшін, арнайы ауыртпайтын сироптар, спрейлер, мазьдар жағып, укол саламыз. Мұндай дәрілер бет бөлігін жансыздандырады да, балаға ауырлық сезілмейді. Сондай-ақ, уколды салмас бұрын, ол баланың дәріге аллергиясы бар ма, жоқ па, соны тексереміз. Содан кейін ғана керекті іс-шараларды жасаймыз.

  • Қазіргі балалар стоматологиясы тегін жүргізіле ме? Қаражаты қолжетімді ме?

Балалар тістерінің қисық өсуі, брекет жайлы да айтып өтсеңіз.

  • «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексінің 6-бабының  7)тармақшасынажәне 34-бабының  1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының үкіметінің № 2136  қаулысы бойынша   18 жасқа дейінгі балаларға кепілдемелік алғашқы көмек, тіс жұлу барлығы тегін деп көрсетілгендіктен, біз де заң бойынша жұмыс атқарамыз.  Сондай-ақ,  жүкті әйелдерге көмек көрсету тегін жүргізіледі. Және де, туылғаннан ауыз қуысында кемістігі, жырығы бар балаларға тегін көмек кеөрсетіледі. Сонымен қатар, әлеуеті төмен жағдайдағы отбасындағы балалар құжат жинау арқылы көмек ала алады. Бірақ, тіс түзеу яғни брекет салу сияқты ортодонтиялық көмек ақшалай жүзеге асады. Балаға алғаш сүт тіс қисық шыға бастағанда көп ата-ана мән бермейді. Жаңа тіс өсіп шығады дейді де жүре береді. Бірақ сүт тіс қисық шықса кейін өсетін тістерде қисық шығуы мүмкін. Бұған басты себеп жоғарыда айтып өткендей кальцийдің жетіспеушілігі. Сол үшін ботқа, езбе тәрізді тағамдарды жегізбей, сүт тағамдарымен қоса, алма сияқты қатты жемістерді жегізу бала тіс тінінің қатаюына себеп болады. Қисық тістерді түзетуге болады. Қазір технологияның қарыштап дамыған кезінде мұндай мәселелерді шешу оңай. Баланың жас ерекшелігіне қарай түзету жолдары да әрқилы. 14-15 жастан асқан балаларға брекет салуға болады. Брекеттен бөлек, түрлі пластиналар мен трейнер құралдары бар. Оларды қолдану брекеттен гөрі оңай әрі ыңғайлы. Бұл тіс түзету құралдары кез келген жаста да пайдалы болуы мүмкін. Алайда, тіс дәрігерімен кеңеспестен, өз бетімен тіс түзету қиын шаруа және дұрыс емес. Қисық тіс аз уақытта түзеліп кете қоймайды. Жақсы нәтижеге жету үшін бірнеше ай, кейде 1-2 жыл уақыт кетуі мүмкін. Брекеттің де түрлері бар. «Брекет» термині бөліктерінде бірін-біріне бекітетін құлып немесе қапсырма деген ұғымды береді. Брекет жүйесі сақинадан, ортодонтиялық сым-темір доғадан және брекет-құлыптан тұрады. Брекеттердің бірнеше түрлері бар. Кең таралғаны-тістің алдыңғы жағына бекітілетін металды немесе керамикалық құрылымдар. Тіл жақтылық брекеттер тістің ішкі жағына бекітіледі. Брекеттің бағасы оның түрлеріне байланысты болып келеді. Олардың ең арзаны- металл брекеттер. Брекетті тағу бір бөлек оны дұрыс ұстау тағы бір мәселе. Сондықтан да, брекетті таққан болсаңыз оның күтіміне аса мән бергеніңіз дұрыс болар.
  • Мектептердегі стоматология орталықтарымен қаншалықты жұмыс жасайсыздар? Жылына қанша бала тексерістен өтеді? Орталықта маман саны қанша?
  • Мектептердегі барлық стоматолог орталықтары біздің қарамағымызда болғандықтан, тығыз байланыстамыз. Мемлекет бағдарламасына сай облыс әкімнің қаулысы 2007-2009 жылы Алматы облысы бойынша барлығы 140  мектепте орталық ашылған болса, соның ішіндегі 10-ы біздің Талдықорған қаласында орналасқан. ол жерлерде де біздің дәрігерлермен қатар медбикелер жұмыс атқарады.  Күндізгі уақытта жұмыс істейді.

Бізге тек ғана қала және мектерден емес Талдықорған қаласына жақын орналасқан ауыл-аймақтардағы балалар да келіп, тексерістен өтеді. Бізде жылына 200 мыңнан астам бала қабылдауда болады. Ал күніне 100 –ден астам бала ем-дом алады. Біздің орталықта барлығы 57  қызмтекер жұмыс істесе, соның ішінде 17 дәрігер, 25 медбике, 2 рентгентолог, сонымен қатар қарапайым жұмыскерлер мен басқарма жұмышылары бар.

  • Сіздердің мамандарыңыз балалармен қалай жұмыс жасау керектігі жайлы психолог мамандар көмегіне жүгіне ме?
  • Біздің мамандар 5 жыл сайын өздерінің біліктіліктерін жоғарылату үшін арнайы орындарға барып оқиды. Оның ішіне осы психологиялық тесттермен оқулар да кіреді. Ал, ауруханада жеке психолог маман жоқ. Бұл мәселе алдағы уақытта қарастырылады деген үміттенеміз. Негізінде, әр дәрігерге психолог маманның көмегі керек деген ойдамын. Себебі, дәрігер әртүрлі жағдайға ұшырауы мүмкін.

Балаларға қанша рет тісті тазалаған жөн?

Кез келген адам, тіпті ересек болсын, тіпті бала болсын күніне 2 рет тұрақты түрде тазалап тұрған жөн. Және әр тамақ ішкен сайын, ауыз қуысын сумен мұқият тазалау керек. сондай-ақ, тіс тазалайтын құрал таза жерде тұрғаны абзал. Себебі, микробтардың жиналуынан да тіс зардап шегеді. Сондықтан, тіс щеткасын айына ауыстырып тұрғаныңыз дұрыс Біздің халық көбінесе ауруға мән бермей жүре береміз. Кез-келген ауруды. Содан кейін асқындырып аламыз да, опық жейміз. Сондықтан қай жеріңіз ауырмасын дәрігерге жылына бір рет толық тексеруден өту керек.

 -Сұхбатыңызға рахмет!

 « Ауырып ем іздегенше ауырмайтын жол ізде» деген. Әр адам өз денсаулығына аса мән берген жөн. Кез-келген сырқаттың асқынуы мүмкін. «Сақтансаң, сақтаймын»  демекші алдын алу шараларын жасағанымыз өзімізге де, өзге де пайдалы болары хақ.

Аймарал ДАУЛЕТБЕК.


Комментарии


Комментариев нет.

Контент устарел, комментирование закрыто